Жақында Ақтөбе қаласында Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық колледждің базасында қазақтың көрнекті музыка өнері қайраткерлері Хабидолла Тастанов пен Бақыт Басығараевтың туғанына 100 жыл толуына арналған Республикалық домбырашылар байқауы өтті.
Байқау жұмысына еліміздің белгілі педагогтері, профессорлары мен мәдениет қайраткерлері, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының, Дина Нұрпейісова атындағы халық музыкасы академиясының және Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық колледждің тәжірибелі мамандары қатысты.
Байқау қатысушылардың жоғары деңгейдегі дайындықтарымен және орындаушылық шеберлікке қойылатын қатаң талаптарымен ерекшеленді. Қатысушылар бекітілген міндетті байқау бағдарламасын орындап, өздерінің музыкалық қабілеттері мен кәсіби шеберліктерін көрсетті.
Байқауда «Мерей» өнер мектебінің домбыра сыныбының оқушысы Ақанова Даяна мектебіміздің намысын абыроймен қорғады. Ол жоғары орындаушылық шеберлігін, музыкалық сезімталдығын және домбыраны еркін меңгергенін көрсете отырып, жүлделі II орынға ие болды!
Даянаны, ұстазы Букирова Татьяна Асылбаевнаны және концертмейстері Агаджанян Лариса Жораевнаны осы тамаша жетістіктерімен шын жүректен құттықтаймыз!
Даянаға шығармашылық жолында толағай табыс, жаңа жеңістер, мол шабыт және биік белестерді бағындыруды тілейміз! Қазақтың ұлттық өнерін дәріптеп, домбыра өнерінің дамуына өз үлесін қоса берсін!




